04.06.2022
138
Сөз саптасы саналы көпке жетіп, артылған...
Сөз саптасы саналы көпке жетіп, артылған,
Əрбір сөзі бағалы самородок алтыннан,
Жиын-тойда, көшеде, үйде, түзде, кеңседе
Киім кидім жағалы, айналайын, халқымнан.
Жылы-жылы сөйлесең, іннен шығар жылан да,
Қатты-қатты сөйлесең, қаймығады қыран да.
Ұшақтар да ұшады, мықты болса ұшқышы,
Көзге түртсе көрінбес бұлттан қалың тұманда.
От ошақта жағылар, құрғақ болса шақпағы,
Халқы күнде сағынар, шешен болса тақтағы.
Айтып-айтпай не керек, қанша жұмсақ болса да,
Киіз қазық қағылар, мықты болса тоқпағы.
Алып қашқан асаудай біздің қайсар халықты
Орып түсер қашаудай ойлы орамдар танытты.
Сөз қадірін түсінген, сөзбен келін түсірген
Қазақ тілі жасаса – еліміз де даңқты !