04.06.2022
  95


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бұл өмірдің болғанымен жолы ұзын...

Бұл өмірдің болғанымен жолы ұзын,
«Жол мұраты – жету» – нағыз парызым.
Көріп келем тарпаңы мен құланын,
Көріп келем доңызы мен қоңызын.
Арым таза, жұққанымен қолға кір,
Өрмекшілер, бүйілер де мол қазір.
Құмырсқалар салған жолда, о, тоба,
Қыбырлаған дүниеқоңыз, ол да жүр.
Албырт көңіл асып-толып, тасынар,
Тарпаң тауға, құлан қырға асығар.
Ойқы-шойқы, кедір-бұдыр көп болса,
Жиған-терген жол бойында шашылар.
Мейлі, мейлі, жақсылыққа шашылсын,
«Шапқан сол!» – деп атағымды асырсын.
Бөгемесін мақсатымнан тек қана
Тоқсан жолдың торабында тосын сын.
Қыр асам ба, болсын жолым лайым,
Арманымның асуына шығайын.
Жыласам да, қиындыққа шыдайын,
Құласам да, барып-барып құлайын...





Пікір жазу