04.06.2022
130
ҚЫПШАҚ БАУЫРЫМ
түрік ғалымы Кемал Зейбекке
Кемал Зейбек.
Қаны бір қыпшақ бауырым,
Өзегі бір, түбі бір туысқаным,
Ғажап болды-ау жерінде Түркістанның
Қыпшақтармен қазақша ұғысқаның.
Екеуміздің ер түркі арғы атамыз,
Садақ тартсақ, жебені самғатамыз.
Қай жеріне қазақтың келсең-дағы,
Топыраққа киелі аунатамыз.
Құтты мекен атам мен бабам қонған,
Сағыныштан сарғайған саған да арман.
Мына тұмар ішінде топырақ бар,
Тамыр тартқан кешегі замандардан.
Кіндік кескен бабаңнын, жері, міне,
Разымын сезіміңе, сеніміңе.
Туған жерге еңкейіп, тəжім қылып,
Бойтұмарды тигіздің ерініңе.