04.06.2022
  201


Автор: Ақылбек Шаяхмет

КҮЛКІ ЖӘНЕ КӨЗ ЖАСЫ

Таңда десе күлкі менен көз жасын,
Нені, неге қалар едім өз басым?
Қуаныштың жасын көрсем тек елден,
Содан ғана шын бақытты көрем мен.
Болса да ащы, пəк сезімге бөленген,
Сағыныштың көз жасына сенем мен.
Махаббаттан туған мөлдір тамшыға
Күлкімді де айырбасқа берем мен.
Көрдім, көрдім күлкілерді дарақы,
Тасасында қайғы жатқан болатын.
Сондай арзан күлкіге де ілкіде
Талай-талай шығын болды жалақым.
Ессіз күлкі естілген маң сондықтан
Жерім емес баратын,
Үйім емес қонатын.
Тағдыр шіркін, маңдайыма жазғасын,
Көрдім, көрдім қайғының да көз жасын.
Көре-көре жүйкем əбден тозғасын,
Уайымнан бастап жүрдім сөз басын.
Жақсы-жаман талай күнді өткердім,
Қуаныштың күлкісін де көп көрдім.
Сыңғырлаған күміс үнге толтырдым
Жазылмаған барлық бетін дəптердің.
Бірақ, алда күтіп тұрған аз ба сын,
Күлкі құмар болған жоқпын өз басым.
Күлкі жəне көз жасы...
Теңселеді екі ұшында безбеннің,
Дəл осылай теңесерін сезгенмін.
Кездесетін əр үйде
Таңда десе күлкі менен көз жасын
Жаңа түскен көктен бір,
Таңғы шықтай мөп-мөлдір
Көздің жасын қалар едім, əрине.
PS:
Бұл сөзімді жақта, мейлі, жақтама,
Қуаныштан тамған жасты тек қана.





Пікір жазу