04.06.2022
131
Болған соң қолда билік, аста көлік...
Болған соң қолда билік, аста көлік,
Қалыппыз біз де біраз жасқа келіп.
«Елді жи! Той жаса!» – деп даурығатын,
Бар екен əлі талай баста желік.
Сол елдің сөйлемеген сөзін кеше,
Өгіздей өңмеңдеген өзім десе,
Жолдастың жүзін, мыңын орға жығып,
Адам ба ар азабын сезінбесе?!
Күндеген өздеріңде жоқ дарынды,
Көрген ем мен де талай боқ қарынды.
Қаншасы бағы жанып, таққа шығып,
Қаншасы тақым қысып, атқа мінді.
Қалмаған ізі құмда, саны сайда,
Болған жоқ ешбірінен елге пайда.
Қалайша дəті барып айтады екен,
Қуды да құрметте деп осындайда.
Қызық пен сый-құрметтің бірін көрмей,
Досы мен дұшпанына сырын бермей,
Жүретін жалғыздарды мына заман,
Мəреге жеткізсе екен сүріндірмей.