04.06.2022
91
Пенделердің сыпырам деп пердесін...
Пенделердің сыпырам деп пердесін,
Перзенттері жасап жүрсе елге сын,
Ақжүректің аянышты тағдырын
Еш уақыт басымызға бермесін.
Сөз сөйлесе сөздің түбін түсіріп,
Мінбелерде көрсететін кісілік,
Бір ағамның жанына еріп бір інім,
Үш-ақ күнде шыға кепті ісініп.
Қырау шалып жатса-дағы самайын,
Жылан жалап кетсе-дағы маңайын,
Беруге жоқ, алуға бар адамның
Тіршілікте көріп келем талайын.
Тұрғанменен жүрек сөзін сөйлеп тіл,
Көңілдерін аңғарта ма ой көптің ?!
Шындықты айтып шамырқанар шақта да,
Өзімді өзім үндемеуге үйреттім...