04.06.2022
92
Бабына келіп піссе де...
Бабына келіп піссе де,
Егіндей қалған орылмай,
Бұлақтан қанып ішсе де,
Таппай-ақ қойды жаным жай.
Төсінен жомарт жерімнің,
Білмеймін, қашан ауды бақ?!
Ерніне тимей елімнің,
Түсер ме дəнім саудырап.
Ұрлыққа барған күні үшін,
Байғұстар түсіп түрмеге,
Мықтылар түзеп тұрмысын,
Бөленген үлде-бүлдеге.
Біреу жүр езіп халықты,
Кедейге тиын бұйырмай,
Біреу жүр безіп нарықтан,
Шанышқақ тиген сиырдай.
Алмаушы ем мидай далада,
Инені жатқан көлденең.
Су болып ағып бара ма,
Тапқаным маңдай терменен.
Тəңірім егер бермесе,
Жарлыға ар, байға қанағат,
«Жеткенің сол деп ендеше»,–
Күлер-ау дұшпан табалап.
Кір-қоқыс жатқан үймеден,
Іздеген жандай асылды,
Сергелдең көңіл-күйменен,
Аяқтап келем ғасырды.