04.06.2022
  93


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Шұңқыры көп əр жердің...

Шұңқыры көп əр жердің,
Адаспайтын жол қайда,
Қояндары бар жердің
Қаршығасы болмай ма?!
Жалған сөзді ар көрдім,
Шындық батты шымбайға.
Шабақтары бар көлдің
Шағаласы болмай ма?!
Кейде жүйкем тозғанда,
Қалам сөзді ұқпай да.
Жүзден жүйрік озғанда,
Мыңнан тұлпар шықпай ма?!
Тығырыққа тірелдім,
Дей алмаймын: «ірімін».
Əкімдері көп елдің,
Ақынының бірімін.
Болсаң сырды ұғынбақ,
Не жасадым мен елге?!
Бозторғайдай шырылдап
Тұрып алдым төбеңде.
Қалай сүйсем өмірді,
Сонша терең толғаныс,
Орнықтырар көңілді,
Өткен дəурен, қылған іс...





Пікір жазу