Қайдан келдім?
Қайдан келдім?
Қайда тұрмын?
Қайда барам осы мен?!
Кейін қалып қалдық па əлде ата-баба көшінен.
Тауға шықтық.
Ал етекке қайтып түсу қиын ба?
Енді неге бөгелемін?
Неге, неге кешігем?!
Бабамыздың қолдары ашық, қол-аяғы балғадай,
Нұрлы түннің өзінде де секілді еді толған ай.
Қиналса да еш уақыт үміт жібін үзбеген,
Ғұмыр бойы таусылмайтын əй, арман-ай, арман-ай!
Атамызға тас атса да мызғымайтын қорғандай,
Қайың менен тал аралас, тұтаса өскен ормандай.
Тас атқанды аспен атқан, сүйтіп, шерін босатқан,
Отқа күйіп, суға түсіп, болса-дағы малмаңдай.
Əкеміз де білімді еді, тек көңілі күпті еді,
Оған тағдыр ауыр міндет, ізгі мақсат жүктеді.
Адалдықтың əппақ туын өтті қолдан түсірмей,
Бірақ, өмір жолдарында тауқіметі бітпеді.
Біздің ұрпақ жанжалдасты, жаза басты, жан бақты,
Қиқуласты, ұйқы қашты, қара жерді шаңдатты.
Кейде бауыр қатып кетсе, болды кейде қол қатты,
Алдымызда арты өкініш, алды үмітті жол жатты.
Бізден кейін көзін ашқан бала менен немере
Əкелері салған жолмен түзу жүріп келе ме?!
Кім де болса – жақсылыққа қызмет етсе болғаны,
Өткен ғұмыр келешекке болсын десек өнеге.