04.06.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

СЫН БОЛДЫ

Қой бастайтын серкесіне ергендер,
Асқазанын толтыруға келгендер,
Уəдені үйіп-төгіп бергендер,
Өтірікті шындай қылып жүргендер
Өрге қадам басқандары шын болды.
Ауыр жүкті тарта алмаса қазан ат,
Ауылына алаңдаса азамат,
Жебір ойлар талайларды мазалап,
Іші-сыртын үлгірмесе тазалап,
Абылай хан да аса алмайтын қыр болды.
Ағайынның базынасын ескеру,
Құнды пікір сыртқа шықпай, іште өлу,
Ұйықтап жатып қорқынышты түс көру,
Үрей, үрку, жүрек кілку, сескену
Қылышыңды суыртпаған қын болды.
Жайындардың шабақтарды жұтқаны,
Аңқаулардың қашып-сасып, бұққаны,
Азғындардың адалдарды жыққаны,
Жетесіздің жетеліні ұтқаны,
Өсек-өтірік ел ішінде жыр болды.
Замананың түзетілмей қатасы,
Балықтарды айырбастап бақасы,
Жүйріктермен жабылар да тақасып,
Ақсақалдың қабыл болмай батасы,
Жүрегімде арылмайтын мұң болды.
Елді билеп есірген қу жайланып,
Жетім-жесір көңіліне қайғы алып,
Балды жалап, май жегендер сайланып,
Шай ішкендер бармақ шайнап, жай қалып,
Жандайшаптар төрде отырған күн болды.
Жұрттың көбі дегеніне жете алмай,
Дауыстары даудан асып кете алмай,
Сенімдері тас бөгеттен өте алмай,
Омақасып, шөгіп қалған атандай
Қазақ үшін тағы да ауыр сын болды.





Пікір жазу