04.06.2022
  146


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қиын-ақ екен халықтың қалауы болу...

Қиын-ақ екен халықтың қалауы болу,
Арманым еді елімнің жалауы болу.
Біртұтас халық дейміз-ау, ол қайдан болсын,
Келмесе қолдан адамы, наданын бөлу.
Шаттанды біреу: «құбылам тегіс еді», – деп,
Мақтанды біреу: «əйелім неміс еді», – деп,
Оттады біреу: «Болмаса орыстың тілі,
Дəрежем төмен, тіліміз кеміс еді», – деп.
Тəуелсіз елдің болғанда қансоқта жолы,
Бөріден қашып кетті ме сан саққа төлі?!
Құлқыны үшін бауыздар бауырын, бəлкім,
Жандайшаптардың жетсе егер мансапқа қолы.
Көтермес шоқпар қыстырдым беліме қалай?!
Бағасын берген шемен мен шеріме талай,
Қазақты сүйген, сол үшін қиналып-күйген,
Не деген əулие, не деген кемеңгер Абай!





Пікір жазу