meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  04.06.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАЙТАРЫҢДАР ДАУЫСЫМДЫ

Қар мен мұзға жонын тосқан тау-сынды,
Туған елдің қабырғасы жаншылды.
Азып-тозған жердің мұңын кім тыңдар,
Жүйке езіліп, шыдам əбден таусылды.
Бас кессе де кесе алмайды тілімді,
Ұрлағандар менің берген дауысымды.
Жағымпаздар бас шұлғыса «мақұл» дер,
Əміріне мəз болмасын əкімдер.
Тұншықтырар көз жасына көлдей қып,
Шерін төксе жесірлер мен жетімдер.
Абай менен Шоқанды да қинаған,
Озбырларды халық əлі тыймаған.
Жаңа ғасыр туғанда да сол пиғыл,
Жаман əдет қала ма деп қиналам.
Біреулердің езілсе де малтасы,
Тірі жүрсек, туған елдің арқасы.
Талай асыл қайраткерге сілтенді
Батыраш пен Қотыраштың балтасы.
Алаяққа толып кеткен бұл маңай,
Жақсыларға қысастығын қылғаны-ай.
Ғұмырымда кісі тілдеп көрмеп ем,
Сол бір сөзді айтқым келіп тұрғаны-ай!
Масайрамай сипағанға мал-сынды,
Айбарланбай елді шапқан жау-сынды,
Шындық үшін шырылдаған торғайдай,
Қайтарыңдар менің берген дауысымды.





Пікір жазу