04.06.2022
  91


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жаңа ғана бастасам да жол басын...

Жаңа ғана бастасам да жол басын,
Əкем салған жолдың создым жалғасын.
«Қайда жүрсең Қыдыр болсын жолдасың,
Жандары нұр ізгі адамдар қолдасын!» –
Деп анам да алды төгіп көз жасын.
Туған ауыл еркелетсе ботасын,
Тебіренбей қалай тыныш жатасың?
«Əлі талай таңмен бірге атасың,
Жақсы менен жаман дəмін татасың», –
Деп үлкендер берді маған батасын.
Танығанмен оңы менен солымды,
Кедергілер жатыр бөгеп жолымды,
«Өлеңдерің болсын өткір, арынды,
Күтіп ұста бойындағы дарынды», –
Деп достарым қысты келіп қолымды.
Ақ тілектен ақ уыздай нұр емгем,
Бір-ақ серпем қайғы бұлтын түнерген.
Елім берген жұқармайтын сеніммен,
Жерім берген мұқалмайтын жігермен
Арман-тауым аласармай жүрем мен.





Пікір жазу