04.06.2022
113

ҚАРЛЫ ШЫҢДАР
О, күн сүйген қарлы шыңдар,
Армысыңдар, бармысыңдар.
Қабақ түйме, қартамыс тау,
Өзіңе мың алғысым бар.
Кенде емеспін тамашадан,
Ұқсайды екен дала саған.
Саған сеніп биіктеймін,
Сені көріп аласарам.
Айбыңыңнан өрлік пенен
Асқақтаған ерлік көрем.
Осы емес пе шырқау биік,
Осы емес пе кеңдік деген?!
Алатау бір дара батыр,
Кең көсіліп дала жатыр,
Тау мен дала ортасында
Жырым жүйткіп бара жатыр.