04.06.2022
126
ТРОЛЛЕЙБУС ІШІНДЕ
Дем алуға ауа тар…
Шеңгеліне бүркіттің
Түскендей-ақ сығылады қос өкпем,
Бойым дел-сал –
Ұзақ ұйықтап, жаңа ғана
тұрған жандай төсектен.
Əзер тұрмын иіскелеп
Біреудің май желкесін,
Нəн түйедей сары қарын бəйбіше
Жон арқама тіреп қойды «өркешін».
Бір жоғары, бір төмен
Ауытқиды менің көңіл–безбенім,
Бас айналып, қарауытты көздерім.
Шулы қала ызыңдайды құлаққа
Бетке бүркіп өз демін.
Қолаңса иісі қапқан сəтте қолқаны,
Сағынасың ұлан-байтақ Арқаны.
Шақырайған күннің көзін аңсайсың,
Дала желін аңсайсың,
Сағынасың туып-өскен ортаны…