04.06.2022
98
Тыңдауға құмар болған əнін ғалам...
Тыңдауға құмар болған əнін ғалам,
Көңілі шапқан аттай арындаған,
Ақ көңіл, аңқау мінез қазағым-ай,
Қасын да қонағым деп қабылдаған.
Пəк тілек, тура сөзден жаңылмаған,
Жауына тізе бүгіп, жалынбаған,
Қазағым айлар бойы түн қатқанда,
Атының ауыздығы алынбаған.
Көп сырың перзентіңе мəлім, далам,
Бермейді бір ой, бірақ, дамыл маған.
Елі үшін ет-жүрегі ауырмаған
Адамдар бола алмайды бауыр маған.
Ауырсам, саған келіп тəуір болам,
Бересің жомарттықпен бəрін маған.
Сен жоқ болсаң, өмірде мен де жоқпын,
Сақтаулы тұр ғой сенде арым, далам!