04.06.2022
  88


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қалаған жерге апарған...

Қалаған жерге апарған,
Жолдармен денем маталған.
Заулаған өмір – пойызбен,
Келемін ұзақ сапардан.
Отырған жан көп тіл безеп,
Береді дейсің кім кезек.
Айтуға болмас сағатқа
Аялдай тұр, – деп бір мезет.
Жаны бар пенде болғасын,
Тіршілік ету, ол да сын.
Ұйқының ғана, əйтеуір,
Орындап жүрмін «нормасын».
Жырларды жарқын жоқтамай,
Сабыр қып тұрам көп қалай.
Күндерім шауып барады,
Қас қағым сəт те тоқтамай...





Пікір жазу