04.06.2022
104
ДОСЫМА
Мансап тиіп, жұмыс басты боп алдық,
Папкалардың арасында жоғалдық.
Құлын-тайдай ойнап өскен достардан,
Хабар беріп, хат алуды доғардық.
Өзімізге тиердей-ақ күллі сын,
Жасамақпыз «ерен еңбек» үлгісін.
Көрмегелі айлар өтті, досым-ау,
Бақыт қуып аман-есен жүрмісің?
Атым болса қысып алып тақымға,
Жетіп барар едім саған жақында.
Отау құрып, жеке түтін түтетіп,
Хат жазуға мұршаң болмай жатыр ма?
Өмір дейтін қызығы мол жолда əсем,
Тілім нанды бөліп жеген жолдас ең.
Қыздың бірін қармаққа іліп, немесе,
Ілінерсің сұлу құрған торға сен.
Аялдамай өтер көктем, өтер күз,
Аруларға өкпелейміз бекер біз.
Қызсыз өмір қызық емес, далбаса,
Қыздан тудық, қызды сүйіп өтерміз.