БІРІНШІ АПРЕЛЬ
Көктем еді...
Басым қатып отырып,
Аяқ асты таптым жырға тақырып.
Күле кірген əріптестің біреуі:
«Бастық сені жатыр, – деді, –шақырып».
Аңғалдық-ай!
Əй, аңғалдық, аңғалдық!
Болар нəрсе болғаннан соң таң қалдық.
Көп пысықтың бір күн емес, күн сайын
Алдап жүрген жайын кейін аңғардық.
Жиналыста аз сөйлесе, өкініп,
Бірі өтірік сөйлей білер көпіріп,
Кейбірінің ер екені өтірік,
Кейбірінің бюллетені өтірік.
Еһ, апрель!
Еһ, бірінші апрель!
Бір-біріне əзіл айтып жатыр ел.
Мені еріксіз жетеледің көп ойға,
Жалғыз өзім жайбарақат отыр ем.
Байқап тұрсаң, əрбір күнде зардап жүр,
Əзілде де зілді салмақ бар қазір.
Ұл əкесін, қыз анасын, ал кейде
Əйелдері күйеулерін алдап жүр.
Біреулердің берген серті өтірік,
Біреулердің сымбат-көркі өтірік,
Жалған сөйлеп, жалған өмір сүріп жүр
Болған жандар есіл-дерті өтірік.
Əзіл айттым мен де жұрттан үйреніп,
Сүр бойдақты алған дедім үйленіп.
Мансапқорға жақсы қызмет сыйладым,
Бастығымнан отырмадым именіп.
Толып жатқан күні болса бір жылдың,
Не қирата қояр дейсін құрғыр күн.
Ойнасам да ойлап айттым қалжыңды,
Шындық үшін шамырқанып мен жүрмін.