04.06.2022
107
Қарсыласымды ұтайын деп ем...
Қарсыласымды ұтайын деп ем,
Жоғалтып алдым ұпайымды мен.
Айтсам ба екен, айтпасам ба екен
Ит жылы көрген құқайымды мен.
Болса да нала жанымда аздап,
Үміттің оты тұратын маздап.
Қалдым ғой, жаным, адамға деген
Ақ сенімімді тоната жаздап.
Жақсыға өмір келетін бейім,
Жамандық туса, оған не дейін!
Сүрініп барып, жеңіліп қалып,
Жеңіске жігіт жетеді кейін.
Көңілдің қуып кетірген күзін,
Белімді буып, бекінген кезім.
Тасқа шапсаң да қақ бөлер, бəлкім,
Жетілді менің кетілген жүзім.