04.06.2022
128
Қашан болсын, табиғаттан сыр аңдап...
Қашан болсын, табиғаттан сыр аңдап,
Отырамын бір ғажайып күй тыңдап.
Сыбырласып сыр шертіссе мынау бақ,
Жыршы құстар сөйлескендей қиқулап.
Сан ырғақ пен сан дыбысты кім тыңдар?
Ел бəріне құлақ түріп байқады.
Айбат шегіп дауыстаса толқындар,
Жел де ыңылдап өзінше өлең айтады.
Думан толы тіршілікке дау бар ма,
Көп нəрсеге керек екен тіл - көмей.
Кейде ойлаймын, тіл болса да тауларда,
Маңғазданып, тұрған шығар үндемей.
Өз еркі ғой, қиналтпайды ол да аса,
Бұл өмірден сыбағамды мол алам.
Бірақ, бірақ, ана тілім болмаса,
Дүниядан біржолата жоғалам.