04.06.2022
  123


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ақындық өнер екен мысы басым...

Ақындық өнер екен мысы басым,
Жыр құсын шартарапқа ұшырасың.
Газеттен көрсең, бірақ, жасық жырды,
Махамбет əруағынан қысыласың.
Шықпайды өлең-жырмен аты кімнің,
Кең өлкем, көп қой сенің ақын ұлың.
Сонда да оқығанда Абай сөзін,
Қаламды кеп тұрады атып ұрғым.
Алдағы ағалардан көз алмаймыз,
Түбінде бəрін басып озардаймыз.
Алайда, Мағжан құсап ақтарылып,
Қасым мен Жұмекендей жаза алмаймыз.
Жыршылар саған арнап тер төгеді,
Өлеңнің қызуымен өртенеді.
Бір сен деп толғанамын, туған елім,
Ұмытып кете көрме ерте мені.





Пікір жазу