meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  04.06.2022
  191


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ЕШКІ ТУРАЛЫ ЖЫР

Десе біреу: «ешкі менен қой тең бе?!»
Дер едім мен: «тектен текке сүйкенбе!»
Ешкі мен қой тең болмайды ешқашан,
Тұлғасы бір көрінсе де сырт елге.
Табанынан өтіп жатсын сыз, мейлі,
Тулағы мен төсенішін іздейді.
Көп ешкіден көргендей-ақ қорлықты,
«Қайда жүрмес ешкі менен қыз» – дейді.
Ешкі майын таңдайына қатырған
Талай ерлер ұйқысыз таң атырған.
Қой аз болса, ешкі санын көбейтіп,
Баққан малын талғажау қып отырған.
Сүті қандай уызынан жарытқан,
Түбіт қандай қалған барлық халық таң?!
Ешкіні апа, жезде деген текені
Қазағыма қасиетін танытқан.
Кім болды екен сөз қадірін кетірген,
Лақ қандай тау мен таста секірген?!
Бабамыздың өзі ешкіні, мен білсем,
Төрт түлікке қоспадым деп өкінген.
Таусылғанда беткейдегі бетегең,
Ешкі емес пе жол табатын төтеден.
Қой бастайтын көсем серке болмаса,
Қошқар артық бола ала ма текеден?!
Əңгіме айтып отырғанда кешқұрым,
Шопандардан талай сырды естідім.
Ескіні айтып еш кетпесе еңбегім,
Ешкі жайлы жазбақ едім есті жыр.
Болмаса да ала алмаған еш құны,
Мініп алып құнан, дөнен, бестіні,
Көк бөріні көкпар қылып тартқандар
Есі кетіп сүйрелеп жүр ешкіні?!





Пікір жазу