НЕ ҮШІН ЖАЗАМ ЖЫРДЫ МЕН?
Өзім де кей кездері шаршап жүрмін,
Сонда да шаттық жайлы əн сап жүрмін.
Пернесін көңілімнің дəл басатын,
Өлеңді балдай тəтті аңсап жүрмін.
Биіктен сорғаласаң болып қыран,
Айбатты көрінетін толық тұлғаң.
Мен сені жалғызсырап жүрген шақта,
Бойында үлкен жолдың жолықтырғам.
Кемімей маған деген ықыласың,
Əрдайым жүздесуге шақырасың.
Досымның тебірентіп ет-жүрегін,
Қасыма жебе болып атыласың.
Болса да дос-жаран мен құрдасым көп,
Ең жақын сенен басқа сырласым жоқ.
Қуансам, бөлісесің шаттығымды,
Қайғырсам, отырасың мұңдасым боп.
Жоқ тіпті пейілімде қақпан-күдік,
Сыңғырлап сөздерім де жатқан күліп.
Күнімді босқа өткізбей жыр жазамын,
Бақытты өмірімді мақтан қылып.
Жетердей жалпақ жұртқа өз дауысым,
Өлеңнің мəнгі-бақи тозбауы шын.
Төрт бөліп түнгі ұйқымды жыр жазамын,
Аздаған көңіл шерін қозғау үшін.
Өлең-жыр бал-шəрбатын беріп тұнық,
Қояды тіршілікке еліктіріп.
Жайлауын жас жанымның еркін жайлап,
Келеді тұрмысымды көрікті қып.