04.06.2022
  237


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ДАСТАРХАН БАСЫНДАҒЫ ТІЛЕК

Қонақта жиі боламыз, төрге де жиі шығамыз,
Мейман боп барсақ айып па, атадан қалған мұрамыз.
Шешенге бізді балай ма, дəметіп бір сөз қалды ма?!
Аузыма əлде қарай ма, ақ дəмін тосып алдыма.
Қаны бар жігіт бұға ма, отыра бермей үйде сен,
Ерніңе жара шыға ма, еліңнің сөзін сөйлесең,
Ақ май боп ішкен-жегенің, малдарың қайтсын өрістен,
Қазақты жаман дегеннің тіліне шықсын теріскен.
Сиыр да жоқ, бірақ, бұл күні сызатын жерді желіні,
Ұмытқан келі, күбіні көзі ашық елдің келіні.
Ірімшік жасап, май шайқап, қайтеді ол құртты қайнатып,
Үйінің ішін ағашпен, кілеммен қойса жайнатып.
Қаншама байлық жисаң да, баласыз бақсыз, кедейсің,
Түздегі шаруаң тез бітіп, үйіңде қызық көбейсін.
Сабада қымыз күмпілдеп, күбіде айран іркілдеп,
Сəбидің үні естіліп, əйелің жүрсін шыр-пыр боп,
Аяқ пен қолды жаратқан асқынған дерттен сақтасын,
Қашан да қызық-думанға бөлене берсін от басың!





Пікір жазу