КӨК АСПАН МЕН ҚАРА ЖЕР АРАСЫНДА
Айналайын, қазағым, қайран, елім,
Мұңыңды айтар Абайым қайда менің?!
Енді неге қызыл тіл күрмеледі,
Жиын-тойда шаттанып, сайрап едім.
Көк аспан мен қара жер арасында,
Əділдік бар дегенге нанасың ба?!
Көмір таппай біреулер, қысылғаннан
Отап жатыр жерімнің ағашын да.
Ер-тұрманы көп жұрттың бүтінделмей,
Сауылатын сиыры сүтін бермей,
Сақал-мұртын алуға ұстара жоқ,
Отырғаны амалсыз күтім көрмей.
Қабағына қар қатып жауынгердей,
Еңбек еткен күйеудің дамыл көрмей,
Жеткізе алмай тапқанын келіншегі,
Жібереді моншаға сабын бермей.
Арамтамақ кең ашып көмекейін,
Деп ойлайды: «баламды ұры етейін!»
Тəттілерге жарнама бөбектердің
Ағызады аузынан сілекейін.
Тұрғындары қаланың даланы аңсап,
Армандайды: «Шіркін-ай, бала болсақ!»
Бала болу бақыт ба бұл жалғанда,
Киім жыртық, ойын аз, шала құрсақ.
Адамдардың дəл шықпай есебі кей,
Алған қарыз күн сайын өседі үдей.
Шолақ көрпе басына жетпеген соң,
Көңіл-дағы кең емес кешегідей.
Қысқа жіпті күрмеуге шама жетпей,
Адалдықты арамға талақ етпей,
Орта жолда үзіліп жатқандар бар,
Ашылмаған аспанда парашюттей.
Өксіп өткен Асандар, Абайлар да,
Тауқіметі жүк болған талай нарға,
Ақынды оқып, көңілге тоқыған жұрт
Не болғанын заманның абайлар ма?!