04.06.2022
  135


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Арадан қыл өтпейтін туысқанның

Арадан қыл өтпейтін туысқанның
Арасын нілдей бұзып, суысқан кім?!
Тілі бір, діні де бір қандастардың
Түсіну қиын екен жұлысқанын.
Кешегі алақұйын сор заманда
Берген соң ел тізгінін оңбағанға,
Кебін де ақіреттік бұйырмады-ау
Ақ жолды, ақиқатты қорғағанға.
Мініп ап тышқан тескен кемеге де,
Қинапты ине сұғып көбеге де,
Одан да жалғыз жүріп жол іздемей,
Адастық көппен бірге неге, неге?
Əкесі дұшпан болып баласына,
Інісі қарсы шығып ағасына,
Күйеуі кəмпескелеп қайын жұртын,
Жиені мылтық атқан нағашыға.
Асылы көп болса да өртке кеткен,
Шалдыққан емі қиын дертке көптен,
Халқымыз қырсық шалған о басында
Айықпай келеді əлі сол бір дерттен.





Пікір жазу