04.06.2022
200
АНА МАХАББАТЫ
Өсіретін аялап титтей балақандарын,
Кім ұмытар ананың ыстық алақандарын.
Аймалайды кірпі де балаларын жұп-жұмсақ,
Аймалайды қарға да əппақ балапандарын.
Барлық тірі жəндіктің болғаннан соң анасы,
Арқа сүйер тірлікте сол болады панасы.
Өз бетімен күн көріп, қатайғанша қанаты,
Бағып-қағып жүреді жетілгенше санасы.
Ана сүті арқылы тіршілікке құт енген,
Өбектейді қасқыр да бөлтірігін сүт емген.
Оқ тигенде жауынгер қанды майдан шебінде,
«Ана» дейді елжіреп, кезі келсе бітер дем.
Ас жесең де тарығып, су ішсең де қаталап,
Саған қолын созады сол аналық махаббат.
Ағзаларға нəр беріп, нұр-сəулесін төгеді
Мейірімді Алладан келіп тұрған шапағат.