04.06.2022
  273


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БАЛА КЕЗГІ ӘНДЕР-АЙ!

Ауылдың мал қайырған төбесінде,
Өмірдің ұмытылмас белесінде,
Ер де жоқ, ерттеп мінер атым да жоқ,
Шырқаған жаяу жүріп əн есімде:
«Менің атым Мейірман,
Шауып келем қиырдан.
Жаман тоным жалпылдап,
Құлап қалдым сиырдан!»
Қашаннан тойдың сəні əн болатын,
Той-думан кештен таңға жалғанатын,
Барқылдап бір топ бала өлең айтсақ,
Соған да қыз-қырқындар таң қалатың:
«Домбырам басы қалақай,
Тарта алмадым, балақай!
Екі тойдан жегенім,
Жалғыз сирақ, қу бақай».
Сол тойға жігіт-желең қожа қандай?!
«Əрі жүр, – дейтін бізге, – мазаны алмай».
Сонда да əн салатын, тамсанатын,
Секемсіз сəби-көңіл таза қандай:
«Су ағады сайменен,
Шам жанады майменен,
Екі жақсы қосылса,
Күн туады Ай менен.»
Той да көп, қуаныш көп күнде жаңа,
Болатын жыл құрғатпай шілдехана.
Əн кернеп, шайды демдеп келіншектер,
Айтатын бесік жырын гүлдеп ана:
«Бөбем менің қайда екен,
Шекер ме екен, бал ма екен?!
Ойнақтап бір бəйгеден,
Озып келер тай ма екен?
Əлди, бөбем, əлди-ай,
Əлди қашан қалғиды-ай!»
Айтылды талай жұмбақ, талай тақпақ,
Жырларын бала күннің алдым жаттап.
Сол жырды айту үшін ұрпағыма,
Келемін жүрегімде мəңгі сақтап:
«Бөбем менің қайда екен?
Асқар, асқар тауда екен!
Тауда не қып жүр екен?
Алма теріп жүр екен!
Алмасынан кəнеки?
Жаңа теріп жүр екен!
Қызыл алма қолында,
Қыздар оның соңында…»





Пікір жазу