04.06.2022
  361


Автор: Ақылбек Шаяхмет

АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН

Пейілі құлап, біреуді тастаса біреу жарылқап,
«Атымтай – жомарт бар ма?» –
деп қарайды көп жан таңырқап.
Тереңнен тартқан тамырын,
білетін бардың қадірін,
Түлетер мына өмірді келеді өсіп жаңа ұрпақ.
Бұл күнде ешкім ешкімді жатқан жоқ шығар қарық қып,
Сонда да дала мінезін бойға да біздер дарыттық.
«Жалғыздық деген жалғыз-ақ Құдайға ғана жарасқан,
Адамның күні адаммен!» –
деуші еді əжем, жарықтық!
Болса да қанша далам кең, адамның күні адаммен,
Адамға ғашық боп өстім, ұтылған жоқпын одан мен.
Кілт табу керек жүрекке,
тіл табу керек сондықтан,
Досыңмен, туыс, көршіңмен,
қаныңнан шыққан балаңмен.
Соғыстар салған жараны адаммен ғана жер емдер,
Адаммен өмір
Биіктеп,
Ұлғайып,
Кеңіп,
Тереңдер.
Қосылу үшін өзендер, ұйқасу үшін өлеңдер,
Тіл табу керек адамдар, табысу керек бар елдер.





Пікір жазу