04.06.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Кейде көңіл бұлт секілді бір қалың...

Кейде көңіл бұлт секілді бір қалың,
Мұңайғанмен не шығады, күл, жаным.
Өткен іске өкінбеймін мен өзім,
Тағдырыма басымдағы ырзамын.
Күнім менің күйректікпен қас бүгін,
Құлыншақтай кетті шауып жастығым.
Болды талай жеңілісім, жеңісім,
Бөгей алмай асау сезім тасқынын.
Ықтиярың, жазғыра бер сен, мейлі,
Өкінгенмен, бəрібір, түк өңбейді.
Зымырандай кеткен көкке атылып,
Жастық шағың қайта айналып келмейді.
«Өткен күндер көрген түстей» – деседі ел,
Артта қалды қиын асу, неше бел.
Ырзамын мен жастық шағым болса егер,
Болашаққа темір жол боп төселер.
Бабалардан қалған жолдар көп қалай,
Олар бізге əкелді ғой бақ талай.
Түзу жолмен біз іргесін көтерген
Келер ұрпақ жүрер болсын тоқтамай.





Пікір жазу