04.06.2022
  137


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТУҒАН АУЫЛ

Туған ауыл, саған келіп толқып кеткен жоқпын ба,
Көз алдымда жалаудай боп алаулайды от-тұлға.
Жоқ бұл жерде көк тіреген мұнарасы Париждің,
Үндістанның Тəжі-маһал мазары да жоқ мұнда.
Сан қаланы қызықтадым, көркемдігін жырладым,
Жасыл ағаш саясында бұлбұл əнін тыңдадым.
Сездім сонда таңғажайып сұлулықта мін барын,
Білдім сонда ең көңілді əуендерде мұң барын.
Ұшақпенен, пойызбенен ұшып, жүріп шаршадым,
Көк бестіні жайдақ мінер кезді еске алар бар шағым.
Жерошақта көңірсіген түтін иісін сағындым,
Күреңітіп жаңа піскен таба нанды аңсадым.
Туған ауыл, перзентіңмін мерейіңді көтерген,
Шынымды айтсам, əлі бірақ, парызым аз өтелген.
Қасқа жолдың жанындағы бейітіне əкемнің
Үнсіз ғана тəжім қылып, басымды иіп өтем мен...





Пікір жазу