04.06.2022
  238


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ШӨП ШАПҚАНДА

Ағашы жоқ кең далаға өң беріп,
Қырат-белде қаулап өскен қау қалың.
Деп тұрғандай жел соққанда тербеліп:
«Тағы да бір ағыл-тегіл жау, жауын!»
Жанға жайлы салқын самал тұр есіп,
Бұдан артық керек бізге өзге не?
Шалғылардың сырылына ілесіп,
Сұлап түсіп жатыр селеу, боз, көде.
Күз боп қалған, тыраулаған тырналар
Жаз-мекенін қиып кетіп барады.
Жаратқанның берген сыйын тырмалар
Бір қатарға жиып кетіп барады.
Қайтқан құспен көзбен ғана қоштасып,
Қарап тұрмын зеңгір аспан көгіне.
Табиғатпен жүргеннен соң достасып,
Туған жердің ыстық екен шөбі де.





Пікір жазу