ПЕЙЗАЖ
Бірінші сурет
Жаз. Дала. Шаңқай түс.
Қарасын жоқ көз жіберсем жыраққа,
Байқалады сағым - белдің дірілі.
Болар-болмас естіледі құлаққа,
Торғай үні, шегірткенің шырылы.
Жасыл егін – тұнып тұрған игілік,
Төңірегі – маужыраған тыныштық.
Табанымды ыстық топырақ күйдіріп,
Жон арқамды қыздырады күн ыстық.
Көзін бүркеп ақша бұлттар бір өңкей,
Түгел сеппей тұрған-сынды күн нұрын.
Жер бетінде жарық пенен көлеңке,
Бара жатыр басып-озып бір-бірін...
Екінші сурет
Күз. Қараңғы түн. Нөсер.
Қараңғылық қоюланды ымыртта,
Еміс-еміс байқалады жұлдыздар.
Жарық сəуле азайған соң, суықта,
Қойыныма кіріп алды түнгі ызғар.
Алып құсқа ұқсайды аспан нышаны,
Кеңге жайып тұрған қара қанатын.
Қос өкпемді шеңгелімен қысады,
Көзге түртсе көрінбейтін қара түн.
Қара қайыс секілденер жол мына.
Жер қап-қара жəне қара мидай көк.
Түн көңілін сергітпекші болды ма?
Күзгі нөсер шелектете құйды-ай кеп.
Аспан, шіркін, жаз айына ғашық, ə?
Көңілінде сақтаулы ғой мол үміт.
Көл-көсір боп сорғалаған жасына,
Дала жатыр емін-еркін шомылып...
Үшінші сурет
Қыс. Алакеуім уақыт. Борасын.
Келеді ағып аттар жұп боп жегілген,
Жалғыз жанның ауырлығын сезінбей.
Шам сəулесі еміс-еміс көрінген,
Жылтырайды аш қасқырдың көзіндей.
Қашып келіп жел дейтұғын күштіден,
Шалғайыма жармасады қар ұшып.
Қарлы құйын ұзын жолдың үстінде,
Бара жатыр атшанамен жарысып.
Жылқы, шіркін, танауынан бу атып,
Көңілімді алға қарай сүйреген.
Жетем деумен өзімді-өзім жұбатып,
Асығамын ақ шам жаққан үйге мен.
Төртінші сурет
Көктем. Кешкі мезгіл. Қызыл іңір.
Қып-қызыл боп алаулаған алтын Күн,
Ұясына батқан шақта баяулап.
Азсынғандай табиғаттың қалпын бұл,
Көк теңізге шыға келді Ай аунап.
Дəл тапқандай көңіл күйін жоғалған,
Ғажайып сəт алды мені сиқырлап.
Жыршы құстар туған жерге оралған,
Тас төбемнен өтіп жатыр қиқулап.
Қайтқан құсқа тұрмын бұлғап қолымды,
Естілердей тіршіліктің бар үні.
Нұрландырып жатыр менің жолымды,
Көрінбейтін жұлдыздардың жарығы...
Бесінші сурет
Дала. Аптап.Күн байыған мезгіл.
Аспан асты бір уыс боп тарылып,
Көкжиегің қусырылған шақ қандай?!
Қара жердің еріндері жарылып,
Бір алапат нөсер тілеп жатқандай...
О, туған жер!
Қасиетің жоғары,
Гүлің түгіл, сүйем сенің тасыңды.
Бал-ауаңды сіміріп ем, барады
Жусан иісі айналдырып басымды.
Өзіңе арнап жазған едім өлеңді,
Оқысам деп оны саған басынан.
Баяу жайлап бара жатыр денемді
Салқын ауа ыстық күнге ашыған...
Алтыншы сурет
Түн.Аспан.Ай
Жылуымен əсер етіп жас жанға,
Көңілімде от жанады маздап бір.
Жұлдыз біткен өлімсіреп аспанда,
Үрлеп қалсаң, сөніп кете жаздап тұр.
Алтын ай да бар сəулесін сарқып ап,
Кең аспанның түкпірінен ел іздеп,
Су ішінде күмістей боп жарқырап,
Қалт-құлт етіп бара жатыр теңізде.
Ойларымның шын мəнісін кім ұғар,
Бұл көрініс жетіп жатыр бар елге,
Аспан!
Сенде тіршіліктің үні бар,
Тарап жатқан мына жалпақ əлемге.