Автопортрет
Қара көзім түпсіз терең, тұңғиық,
Қарашыққа алғандай-ақ нұр құйып.
Қара мұрттың болар-болмас ізі бар,
Иегіме түк шығыпты тырбиып.
Қара қасым садағындай бабамның,
Қалың кірпік жебе десем, оған кім
Қаймықпастан қарай алар, алайда,
Мейірлімін пейіліндей анамның.
Қызыл ерін торта майдай сүзілген,
Қой тістерім ақ моншақтай тізілген.
Келбетіме назар салып үңілсең,
Өлең жолын оқыр едің жүзімнен.
Он саусағым түзу əрі салалы
Ақ қағазға өрнек салып барады.
Сөзім менің өзім деп те айта алам,
Өзімді өзім бағалаймын жоғары.
Денелімін, ұқсамаймын батырға,
Батырлық та керек, бірақ, ақынға.
Ақылбек деп ат қойғанмен ата-анам,
Өлеңімде үйір емен ақылға.
Ұзын бойым, кең иығым, кең кеудем,
Келеді ойым кеңге құлаш сермеумен.
Биіктерге өрем жетпей қалса егер,
Қысқа жіпті жүрем кейде күрмеумен.
Түрім осы, қалай, қайтіп жаңарам?!
Сипаттадым келгенінше шамадан.
Осындай боп жер басып жүр бір ақын,
Өзге бояу жаға алмаймын мен оған…