04.06.2022
  84


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТЫҢДАЙЫҚ ДЕДІҢ ӨЛЕҢДІ

Тыңдайық дедің өлеңді,
Көңілдің құлпын аштың сен.
Жаңғыртты бүкіл əлемді
Кеудемде тулап тасқын-сел.
Көкейде жатқан сыр қалың
Ашылып көзің, қақ дабыл!
Қиналып тапқан жырларым
Ағыл да тегіл ақтарыл.
Ел Жеңіс тойын тойласын,
Екпінмен келіп басып өт
Қару-жарақтар қоймасын
Адамға сепкен қасірет.
Қорқытқан бомба жер шарын,
Тереңде жатсын тұңшығып.
Зымиян ойлы болса кім,
Бір батып жүрсін, бір шығып.
Арамның тұнған бақшасын
Селіңмен өтсең жапырып.
Сараңның жиған ақшасын
Жоқ қылып жібер сапырып.
Жыр тасқан түні көз ілмей,
Қалмадым сырды жасырып,
Арман не, жырым өзендей
Мұхитқа құйса асығып.





Пікір жазу