
Диқанмен тең жазушының еңбегі...
Диқанмен тең жазушының еңбегі,
Қиын күзде ырыс болып өңбегі.
Күннің нұры, жауын суы болмаса,
Өнім бермес топырақ та жердегі.
Соқа салса, емес оның ермегі,
Бар дəнінің дəмдісі мен кермегі.
Мақсат үшін күреспейтін бар ма адам?!
Сұңқар – көңіл арман – көкте самғаған.
Сталин де құтылу үшін қарғадан,
Кремльде саяткерді жалдаған.
Ал қырандар қырып салған қарғаны,
Еңбегіне көк тиын да алмаған.
Қыранын да, тұлпарын да баптаған,
Ата-бабам абыройын сатпаған.
Хан мен байға жағынғандар күні үшін,
Қарашаның көңілін еш таппаған.
Қайран елім!
Асыл сөзді наркескен,
Жүрегінде сары майдай сақтаған.
Шарап ішкен шалқайғанда шатырда,
Жасыл желек айналғанда отынға.
Сом алтынды айырбастап бақырға,
Құйқалы жер ұқсағанда тақырға,
Бас кетсе де, тілін кеспес ақынға
Енді бүгін сөз таусылып жатыр ма?
Шарболаттай шамырқанып, шатырлар,
Қайсысының жүрегінде отың бар?!
Ақтамберді, Тəтіқара атой сап,
Бастап шықса, еремісің, ақындар,
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай
Қайдасыңдар, Махамбеттей батырлар?!
Қолға еретін сарбаз болса, батырсың,
Сөз түсінер жұртың болса, ақынсың.
Қасым-сынды ішім толып кетсе егер,
Жаным менің жанартаудай атылсын.
Абзал досым, сен де ойланшы, үйіңде,
Үнсіз-түнсіз, тымырайып жатырсың...