04.06.2022
  117


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Мөлдір бұлақ, сен теңізге құймайсың....

Мөлдір бұлақ, сен теңізге құймайсың,
Бəлкім, бір күн өр екпінің басылар.
Теңіз суы неге ащы деп ойлайсың.
Өйткені, онда қан мен көздің жасы бар.
Мəн-жайына келсе егер қаныққың,
Аралдарда тіршіліктің ізі көп.
Сорасындай қайғы көрген халықтың
Теңіздерде құрылықтың тұзы көп.
Жағалаудың құмға толған жан-жағы,
Қызығасың жып-жылмағай тасына.
Су түбінде жатқан болса маржаны,
Шемен болып қатқан көздің жасы ма?!
Теңіз, бірақ, арнасындай ырыстың,
Жер бетіне нұры түссе жарықтың,
Сынығындай алтын менен күмістің,
Жылтырайды қабыршағы балықтың.
Күн көзіне қыздырынған жағаны
Толқын шайса көбігіндей сыраның.
Тағы қандай болады деп амалы,
Жағажайда ойға батып тұрамын...





Пікір жазу