04.06.2022
  121


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҒАРЫШКЕРЛЕРМЕН СЫРЛАСУ

Тоқтар бауырым!
Талғат інім!
Ұшыпсыңдар ғарышқа,
Адамзаттың баласына жеті қат көк алыс па?!
Айтыңдаршы!
Жер арқасы тілім-тілім тілініп,
Неге мұнай сасып кетті бал татитын жоңышқа.
Ғылым жолы кеңейер деп, үміт отын тұтаттық,
Шабындыққа жаудай тиіп, жайылымды жұтаттық.
Судың өзі кермек татып, кеберсіді ерінім,
Айтыңдаршы, көкті тескен зымыраннан не таптық?!
Жер-анаға сол ғарыштан зер салып бір қарашы,
Карьерлер – жер бетінің жазылмайтын жарасы.
Өз жарасын өзі қасып, астамсуға басқаға
Түсінбеймін, неге құмар адамзаттың баласы?!
Жоғарғы вольт желілері шырмауықтай шырмалған,
Темір жолдар бұғалықтай жер мойнына оралған.
Мына құбыр жердің қанын сорып жатқан тəрізді,
Ақыл-айла артылған ба қара ниет адамнан.
Қара қоңыз – танкілер мен тікұшақтар-инелік,
Тағы соғыс жаттығуын жатыр, əне, үйреніп.
Оттан, судан қаза тапқан аз емес қой адамдар,
Тым құрыса бір Құдайдан отырмай ма именіп?!
Тоқтар!
Талғат!
Бойларыңда бабамыздың қаны бар,
Сендерсіз де көк төсінде талай жолдар салынар.
Көкті қойып, жерге түсіп, жүйрік жылқы міңіндер,
Құлан жортқан кең далада көсілтіп бір шабыңдар.
Қайысып бел көтерсе де талай-талай ер жүкті,
Жерім құтты, берекелі, болсын деймін ел мықты.
Терең теңіз, биік аспан қанша жұмбақ болса да,
Мен оларға еш уақытта айырбастаман кеңдікті.





Пікір жазу