04.06.2022
  100


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТІРШІЛІК

Қайтты бір шал ауылда,
Туды сəби қалада.
Əйгілі жан қауымға,
Жоқтамауға бола ма?
Қайтты бір шал ауылда,
Туды сəби қалада.
Тына қалды дауыл да,
Қуанбауға бола ма?!
Батыс жақта кеш батып,
Шығыс беттен күн шықты.
Бір алма ағаш гүл атып,
Бірі қурап, тыншыпты.
Қоштасар сəт келгенде,
Жоқтау күйі тартылар.
Сол мезгілде бір жерде,
Бесік жыры айтылар.
Күн мен түндей алмасып,
Бірде батып, бір шығып,
Ұлы жарық жалғасып,
Ұласады тіршілік.
Тұр əйнектен түн қарап,
Кетті қария қар басы...
Келді өмірге іңгəлап,
Жастық – көктем жалғасы.
Болсын биік бəйтерек,
Өзім еккен бір шыбық.
Жалғаспасақ қайтер ек,
Жаса, жаса, тіршілік!





Пікір жазу