04.06.2022
117
Қарап тұрмай, ішкен жанды тілдедің...
Қарап тұрмай, ішкен жанды тілдедің,
«Бұл жүрісің адамзатқа мін»,– дедің.
Ащы суды ішпегенмен құмартып,
Одан сенің нең артық?
Əттең, соны білмедің.
Сенен басқа ақылды жан аздай-ақ,
Білем сыртта жүргеніңді көз бояп.
Жөнді білмей сүрінетін жан аз ба,
Аңдып жүріп сен шалмаған аз ба аяқ?!
Біреулерді улы сөзбен жаралап,
Біреулерге жала жауып, қаралап,
Білем жақсы адамдарды жаны асыл
Даттап, боқтап, жүргеніңді қаралап.
Білем, білем...
Ел секілді күлмейсің,
Ақ көңілмен күлгендерді тілдейсің.
Өтер жылдар жүректерге жүк артып,
Маскүнемнен, бірақ, сенің нең артық,
Əттең, соны білмейсің-ау, білмейсің...