04.06.2022
132
САҒАТ
Жас өмірім тəтті шырын, бал-тұғын,
Келер күнге қалдырмайтын артығын,
Күн мен түнді айыра алмай қалғанда,
Жөн сілтейтін қолсағатым бар-тұғын.
Мəпелесем бақшамдағы жан гүлін,
Асықтырып тұрушы еді алғы күн.
Сағатымның арқасында кешікпей,
Орындаушы ем жұмысымның барлығын.
Қандырғандай көптен кұткен құмарды,
Жүрекке ұқсап сырт-сырт соғып тұрар-ды.
Күндер өтті, сағат тілі кенеттен
Үнемі озып кететінді шығарды.
Жөндеттім ғой талай мəрте десем де,
Тағы жақпай қалғаны бар осы елге,
Тəулік сайын артта қалып қоятын,
Қапелімде ұшырады кеселге.
«Дəл болмасаң, жүрмей-ақ қой мүлде сен,» –
Деп өзімше сағатыммен тілдесем.
Сенсіз өткен мезгілді де білмес ем,
Келешекке асығып та жүрмес ем,
Елден озбай, көштен қалмай, əдеппен
Тура соғып тұрсаң болды күнде сен...