04.06.2022
  102


Автор: Ақылбек Шаяхмет

СҮЙЕНІШ

Таң қалам ақ бас шалдарға,
Таяныш болған жұрттарға,
Қалғиды маңғаз таулар да,
Сүйеніп ақша бұлттарға.
Сезімнің басын жіберсем,
Көңілге шаттық күй енер.
Жанарым көкке тірелсе,
Табаным жерге сүйенер.
Барлығын сайып келгенде,
Ойлайтын ойым көбейді.
Сабырым қайрат бергенде,
Қолтықтан ақыл демейді.
Алтын күн жалпақ далаға
Құйғанда қызыл жарығын,
Сүйеніп өзен жағаға,
Таянар ағаш тамырын.
Жанымның жайсаң шағында
Езуден күлкі кетпейді.
Көңілдің көктем бағында
Өмірдің гүлі көктейді.
Тартады ғалам бояулы,
Мен оны тынбай жыр етем.
Мені де бір жан аяулы
Сүйеніш көріп жүр ме екен?!





Пікір жазу