04.06.2022
  133


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Бесік көрдім, белге шықтым,

Бесік көрдім, белге шықтым,
Есік көрдім, төрге шықтым,
Осы күні жүр деймісің
Қоңылтаяқ етік киіп,
Жалаңаяқ қар кешіп кім?!
Құлазытқан бір қауымды,
Көрдім соққан құм-дауылды.
Ошаққа да отын азда,
Пешке жайған күндер өтті
Кептірем деп шұлғауымды.
Шыққанда өмір сапарына,
Ақ кіргенде сақалыма,
Құндыз бөрік көрік болып,
Былғары тон киген топтың
Əзер жеттім қатарына.
Шөбі шүйгін жерде жүрдім,
Айдын шалқар көлде жүрдім.
Бірақ, əлі шөлім қанбай,
Кенезесі кепкен жандай
Жақсылыққа шөлдеп жүрмін.





Пікір жазу