04.06.2022
  142


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қызметтес жолдастардан, бірге оқыған достардан...

Қызметтес жолдастардан, бірге оқыған достардан,
Қиянатшыл бастықтардан ел-жұртымды басқарған,
Пенделерден қара бастың қамын ойлап, жұлысқан,
Қара көңіл қарақшыдай ағайын мен туыстан,
Өсекшіден атқан сөзі тас бұршақтай бораған,
Ана тілін түсінбейтін бала туған анадан
Қалды менің көңілім.
Нұрлы мекен, байтақ əлем қас-қағымда тарылды,
Жебір ойлар жегі құрттай кемірді кеп жанымды,
Не болады өмірім?!
Жомарт көңіл жігіттерге жол үстінде танысқан,
Ақ жүректі оқырманға ыстық хаттар алысқан,
Шабандозға асау аттың құлағында ойнаған,
Ерлеріме елдің қамын, жердің жайын ойлаған,
Қара көзді аруларға бесік жырын жырлаған,
Балаларға сол əуенді кейін де ұйып тыңдаған
Толды менің көңілім.
Бір-ақ сəтте асып-тасып сала берді көңіл де,
Қарасынан ағы басым мына дархан өмірге
Жоғалмады сенімім.





Пікір жазу