04.06.2022
132
Болады кейде қыстың күні көктем...
Болады кейде қыстың күні көктем,
Көңілге құйылады нұры көктен.
Көңілді көктем жайлы өлең оқып,
Ішімнен отырамын күбірлеп мен.
Көрдім ғой бірталайын бұрылыстың,
Кей кезде өкініштің уын іштім.
Қар еріп, сең қозғалып кетсе-дағы,
Болады көктемде де күні қыстың.
Өмірдің ескеннен соң ізгі лебі,
Арманым құлаш ұрып жүзді ілгері.
Толқындай сапырылысып жыл ішінде
Алмасып жатты жаз бен күз күндері.
Кең жазық қиялымды ала қашқан,
Биікке шақырғандай болады аспан.
Ақ жүрек, айналайын, табиғат-ай,
Қайғы мен қуанышы араласқан.