04.06.2022
119
ТОЙ КӨБЕЙСІН!
Жарға өрмелеп кей кезде, ойдан қарғып,
Бұдан жаман күнде де тойға бардық.
Ашқұрсақ боп жарымай жүрсек-дағы,
«Қазақ неге тойшыл?» – деп ойға қалдық.
Домалайды қу бас та той дегенде,
Алға кісі салмаймыз сөйлегенде.
«Тойға барсаң – тойып бар!» – деп қоямыз,
Жазық бар ма ел-жұртын сүйген ерде?!
Тойға келген тойшылар тойынған ба,
Қуанады дастархан жайылғанға.
Құтырғандай есіріп би билесе,
Құтылғандай бір сəтке уайымнан да.
Айналайын, туыстар, тойға келген,
«Шығыны көп, түсері аз пайда» – деген.
Көңілімде жүргені таусылар ма
Айта берсем сөзімді ойға келген?!
Дей алмаймын: «Есің жи! Қой, кедейсің!»
Өзі біліп тұрғанға сен не дейсің?
Жақсылыққа шашылып жиғанымыз.
Не де болса, ағайын, той көбейсін!