04.06.2022
  115


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ТОЙ БОП ЖАТЫР ҚАЛАДА

Той боп жатыр қалада, даңғырлаған дабырдан
Ішке кіріп барады бір бүйірден қабырғам.
Сөйлеп жатыр шешендер асыл сөзін шығындап,
Елдің көбі құлағын алған-сынды тығындап.
Дəмге толы дастархан, ауыз ашық тек қана,
Қонақтардың отырған қалайтыны бап қана.
Бата қайда, бақ қайда?! Айтуға да жасқанам,
Арақ құйған шөлмектің айбыны артық басқадан.
Кіндігі ашық бойжеткен, биші қыздар жалаңбұт,
Көзі көрген, еті өлген көре-көре оған жұрт.
Ақ жеңгелер қызға ұқсап, ал жезделер қызғаншақ,
Ағалар мен апалар əбден тойып, қызған шақ.
Аналары жалаңаш, əжелері жалаңбас,
Ұл да, қыз да олардан үлгі-өнеге ала алмас.
Келіндерін атасы жүрсе биге шақырып,
Мұның өзі ақынға таптырмайтын тақырып.
Құда менен құдағи түйістіріп төстерін,
Қызығы үшін баланың жоғалтыпты естерін.
Міне, осылай дуылдап өтіп жатыр той «ғажап»,
Жеткен жерің осы ма?!
Ойна, тойла, ой, қазақ!





Пікір жазу