Шанағындай домбыраның əлі ешкім қақпаған...
Шанағындай домбыраның əлі ешкім қақпаған,
Тостағандай шүпілдеген қымызынан əлі ешкім татпаған,
Асыл халқым, алтын сандық – күмбірлеген кеудемде,
Сыбағам көп саған менің сары майдай сақтаған.
Шимайланған бетімін мен əлі жарық көрмей жатқан кітаптың,
Қылқанымын қарағайға қарсы біткен бұтақтың.
Су боп қалған шақпағымды күн көзіне кептіріп,
Кең даладан тезек теріп, үміт отын тұтаттым.
Тобылғыдай қаптап өскен жағасында Тобылдың,
Жылқы тектес болсам-дағы, қойдай жуас, қоңырмын.
Сəл нəрсеге құлақ тосып, дыбыс беріп тұратын,
Қатты тартқан ішегіндеймін үзілмейтін өмірдің.
Ашуыма тисең, бірақ жай отындай ойнаймын,
Қылжақбас пен сөзұқпасты бураға ұқсап шайнаймын.
Қозы-лақты көңілімнің жайлауына айдаймын,
Құлын-ойды шұрқыратып ой-қазыққа байлаймын.
Сол сəт мені шын түсінген, сырымды ұққан жан болса,
Айтарымды айтқызбай-ақ, емеуіріннен аңғарса,
Ішсін балдай кəусарымнан əбден мейірі қанғанша,
Жырымды оқып алсын лəззат көз жанары талғанша.
Болашақта кез қылғай деп оқырманға осындай,
Жыр жазамын ұйқы қашып, түн ортасы ауғанша.