04.06.2022
  122


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚҰМАЛАҚ

Есімде, шешем сақтайтын үйде құмалақ,
Құмалақ, шіркін, сөйлеуге кейде құмар-ақ.
Жиылып бəрі жататын еді бал ашып,
Көрші кемпірлер бірінен бірі сұрап ап.
Көңілі күпті, жолы ашық дейтін біреуді,
Жүр екен əлі адасып дейтін біреуді.
Құмалақ кейде үміттің отын тұтатып,
Кей кезде тіпті туғызушы еді үрейді.
Кейуана жанның қорғаны болған құмалақ,
Дүниеқоңыздың арманы болған құмалақ,
Ғасырдан аттап, кей жерде атын жоғалтып,
Белдерден асып, елдерді жүрді жағалап.
Қабырға сылап, үй қылған осы құмалақ,
Қосылса басы қи болған осы құмалақ.
Қыпшақты қойып, орысқа тілін үйретіп,
Қу түлкіге де сый болған осы құмалақ.
Бір қарын майды шіріткен жалғыз құмалақ,
Колобок болып келеді əлі домалап.
Түлкіге жем қып, ал оны кем қып көрсетіп,
Құмалақ демей, бауырсақ десек, обал-ақ!
Зер салып тұрсаң, не деген біздің сүйікті ел,
Айтылған жайдан сен-дағы түйін түйіп көр.
Кім білсін оны, ертегі ме, əлде шындық па,
Құмалақ солай болыпты мықты кейіпкер...





Пікір жазу